Шымкентте бейнебақылау камераларының саны 2500-ге дейін артады

0
769

Қазіргі уақытта қалада 479 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр.


Шымкентте бейнебақылау камераларының саны 2500-ге дейін артады

Шымкентте бейнебақылау камераларының саны 2500-ге дейін артады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл жөнінде 5 айдың қорытынды есебін берген Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов мәлімдеді.

Қаланың бас полицейі карантин режимі кезінде шаһардағы қылмыстың 51 пайызға азайғанын айтады. Алайда, көлікке мас күйінде отырып, рөлді тізгіндейтіндер кемімеген. Кесірінен жол үстінде ажал құшатындар көрсеткіші өзгеріссіз қалып отыр.

Департаменттің жыл басынан бергі атқарған жұмысын саралаған басшының сөзіне сүйенсек, қаңтардан бері шымкенттік тәртіп сақшылары 112 алғыс хат алған.

Қызметкерлер жұмысынан мін таппаған Жұмаханбетов ашылмаған қылмыстың да қалмағанын айтады. 8 жыл бұрын жасалған заңсыз әрекетті де әшкереледік деген ол қалада бұзақылық кемігенін айтады. Мәселен, көшедегі қылмыс 12 пайызға, қоғамдық қылмыс 11 пайызға, жол апаты 8 пайызға азайыпты. Бірақ, мас күйінде рөлге отыратындар және жол апатынан көз жұматындар көрсеткіші сол күйінде қалған.

Бас полицей шенділердің карантин режиміндегі атқарған жұмысын да ұмытқан жоқ. Төтенше жағдай кезінде 1800 қызметкер кезекшілікте тұрып, 350 індет ошағын күзеткен. Осы уақытта қаладағы қылмыс 51 пайызға азайыпты.

Жылдың жартысын жоғары сапада аяқтадық деген Е. Жұмаханбетов енді Шымкенттегі бейнекамераларды 2500-ге жеткізуді көздеп отыр. Қазіргі уақытта қалада 479 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Жуық арада олардың қатарына тағы 200 қосылмақ.