Сапалы электрмен қамту деңгейін 95%-дан 97%-ға жеткізу жоспарлануда.
Шымкент қаласында биыл 3 қосалқы электр станция іске қосылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қаладағы барлық тұрғындар электр жарығымен қамтылған болса, оның ішінде сапалы электр қуатын қажет ететін шағын аудандар бар. Сапалы жарықпен қамту үшін осы жылы 9,4 млрд.теңгеге 14 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бұл жөнінде қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Р.Мүлкеманов брифинг барысында айтты.
Спикердің айтуынша, жыл соңына дейін 3 подстанция пайдалануға беріледі. Оның бірі жақында іске қосылған «Бозарық» қосалқы электр станциясы. Қалған «Ақжар» мен «1-М-1» қосалқы станциялар жыл аяғында тапсырылады.
Сонымен бірге 7 елді мекендегі құрылыс жұмыстары аяқталып, 21,3 мыңға жуық халық сапалы электр қуатына қосылады. Ішкі жүйелер – Жалын, Ақжар, Достық, Ынтымақ-2, Айкөл, Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алаптарында жүргізілуде.
Нәтижесінде, сапалы электрмен қамту деңгейін 95%-дан 97%-ға жеткізу жоспарлануда.