Жыл басынан бері 30 мыңға жуық ата-ана туу туралы куәлікті онлайн форматта рәсімдеген.
ERNUR.KZ. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалы шымкенттіктер арасындағы ең танымал есімдер рейтингін жасады.
Үздік бестікке Ясин, София, Айрис, Айым және Медина деген қыздар есімдері кірсе, ер балалар арасында Мұхаммед, Тауман, Мансур, Әбубәкір және Ибраһим есімдері кірді.
Туу туралы куәлікке өтінімді онлайн режимінде және ХҚО арқылы беруге болады. Ағымдағы жылдың басынан бері 38 мыңнан астам куәлік берілді.
«Ата-ана атанған азаматтар туу туралы куәлікке тапсырысты өз бетінше проактивті түрде де және екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы да бере алады. Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі», - деді «Азаматтарға арналған үкіметтің*» Шымкент қаласы бойынша филиалының директор орынбасары Қайрат Меңлібеков.
Айта кетер болсақ, жыл басынан бері 30 мыңға жуық ата-ана туу туралы куәлікті онлайн форматта рәсімдесе, ХҚО арқылы куәлік алуға 8 мыңнан астам өтінім берген.
Естеріңізге сала кетейік, 1 шілдеден бастап АХАТ функциялары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына өткен болатын. Дегенмен, некені тіркеуге өтініштерді қабылдау, өңдеу, сондай-ақ, шешімдер қабылдау және нәтижелерді беру АХАТ мамандарымен жүзеге асырылады.