Шымкентте ерекше балалардың шығармашылық дамуына жағдай жасалуда

0
63

Бұл бастама балаларды жаңа ортаға бейімдеп, олардың өз-өзіне деген сенімін арттыруға бағытталған


Шымкентте ерекше балалардың шығармашылық дамуына жағдай жасалуда

Шымкентте ерекше балаларға қолдау көрсетуге бағытталған маңызды шара өтті.

Қаладағы №1 есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернаты мен Shymkent Creative Hub арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл құжат тек ресми келісім ғана емес, ерекше білімді қажет ететін балалардың шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталды.

Салтанатты рәсім дәл осы Shymkent Creative Hub ғимаратында өтті. Келісім аясында орталық мамандары енді аптасына бір рет ерекше балаларға арнап тегін шеберлік сабақтарын өткізеді. Атап айтқанда, қолөнер, сурет салу, тігін тігу секілді бағыттар бойынша ұйымдастырылатын бұл мастер-класстар балалардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың бойындағы қабілеттерді ашуға мүмкіндік береді.
Жоба үйлестірушісі Жанна Елтанованың айтуынша, бұл бастама балаларды жаңа ортаға бейімдеп, олардың өз-өзіне деген сенімін арттыруға бағытталған. Ал мектеп директоры Айгүл Жамалбекова меморандумның басты мақсаты ерекше назардағы балалардың танымдық қабілетін дамытып, шығармашылыққа баулу арқылы олардың болашақ мамандығын таңдауға бағыт беру екенін атап өтті.
Қазіргі таңда екі тарап алдағы екі айға арналған нақты жоспар құрып, жүйелі жұмысты бастап кеткен. Бұл – кездейсоқ акция емес, ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталған бірлескен жоба.
Айта кету керек, 1969 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл мектеп-интернатта бүгінде 192 бала білім алуда. Жарты ғасырдан астам тәжірибесі бар білім ордасы енді заманауи креативті кеңістікпен біріге отырып, оқушыларға жаңа мүмкіндіктер ұсынуды көздеп отыр.
Бөлісу