Заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару жұмыстары нәтижесінде қайтарылған қаражат есебінен салынды.
Шымкент қаласында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған көмекші мектеп-интернат тәрбиеленушілері үшін жаңа жатақхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталған нысан Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару жұмыстары нәтижесінде қайтарылған қаражат есебінен салынды. Құрылысты қаржыландыру Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен арнайы мемлекеттік қор арқылы жүзеге асырылды.
Жаңа ғимарат 300 орынға шақталған және заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Мұнда балалардың жайлы тұруына барлық жағдай жасалған: ұлдар мен қыздарға арналған бөлек блоктар, медициналық кабинет, ойын аймақтары, сондай-ақ оқу, демалыс және жан-жақты дамуға қажетті өзге де бөлмелер қарастырылған.
Жобаны іске асыру бұрынғы интернат ғимаратының (1975 жылы пайдалануға берілген) қазіргі қажеттіліктерге сәйкес келмеуімен байланысты болды. Атап айтқанда, ғимарат әлдеқайда аз балаға есептелгенімен, іс жүзінде онда екі есеге жуық көп тәрбиеленуші тұрған. Бұл өз кезегінде орын тапшылығын туындатып, тұру жағдайларын шектеген.
Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару қызметінің басшысы Нұрдәулет Сүйіндіков пен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Іс-шара барысында олар нысанның маңыздылығын атап өтіп, елге қайтарылған қаражаттың әлеуметтік міндеттерді шешуге бағытталып жатқанын жеткізді.
Жаңа жатақхананың ашылуы өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болып табылады. Бұл бастама ерекше қолдауды қажет ететін балалар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.


