Шымкентте ерекше жандарға айырықша көңіл бөлінген

0
33

Мемлекет қоғамдағы барлық әлсіз топтарды назардан тыс қалдырған емес.


 Шымкентте ерекше жандарға айырықша көңіл бөлінген

Шымкент қаласындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №9 әлеуметтік қызметтер көрсту орталығы 18 жастан жоғары психоневрологиялық ауруы бар науқастарға стационар негізінде қызмет көрсетіп келеді.

Мемлекет қоғамдағы барлық әлсіз топтарды назардан тыс қалдырған емес. Мүгедектігі бар жандарды әлеуметтік қолдаудан бөлек, оларды қоғамға баулып, оңалтуға арналған бағдарламаларды ұдайы түрде жүргізіп отырады.

№9 орталық қаламызда өткен жылдың 30 қаңтарында өз жұмысын жаңадан бастаған еді. Орталық стационарлы жағдайда 76, ал жартылай стационарда 2 орынға лайықталған. Қазір мұнда 75 ерекше жан қызмет алып жатыр.
Мекеме негізінен 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар, І-ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі науқастарға әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Оның ішінде әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбекке баулу, мәдениет қызмет және құқықтық қызмет түрлері бар.
Қызмет алушылар 5 уақыт ыстық тамақпен қамтылып, бос уақытында әлеуметтік-педагогтар тарапынан түрлі терапиялық сабақтар ұйымдастырылады. Мәселен, еңбекке баулу сабағында алушылар қолөнер бұйымдарын жасауды үйренсе, ермексаздан жан-жануарлар мен жеміс-жейдектерді қолымен жасайды. Музыка сабағында жетекшінің көмегімен түрлі аспаптарда ойнап, әндер орындайды. Ал, мәдени демалыс үшін көркем фильмдер көрсетіліп, саябақтарға серуендеу ұйымдастырылады. Оған қоса қаламыздағы театр, концерттік бағдарламаларға да қатысады. Қызмет алушылар арасында орталықтың кітапханасында уақыт өткізетін жандар да бар екен.
Ал, оларды тұрмыстық жағдайға бейімдеу үшін мамандар әйелдерге тамақ пісіру, ерлерге киім кию, бет-қолын жуу секілді өзіне-өзі қызмет жасауды үйретеді. Бұл мақсатта арнайы әлеуметтік-тұрмыстық қызмет бөлмесі де жасақталған.
Ерекше жандарға осындай қызметтер көрсетіліп жатқан кезде олардың іс-әрекетіне орталықтың мамандары бақылап отырады. Қазір бұл жерде 23 әйел мен 51 ер адам қызмет алуда. Тағы бір адамға мамандар жартылай стационар негізде қызмет көрсетеді. Қызмет алушылардың қауіпсіздігі үшін ғимаратта 37 бейнебақылау жүйесі орнатылған.
Сонымен қатар, орталықта массаж, физио-кабинет, еңбек кабинеті, кітапхана, демалу бөлмесі, АКТ залы, спорт зал, асхана және фито-шәй ішетін орындар қарастырылған.
Бөлісу