Шымкентте ерікті жастардың екі күндік слеті басталды

0
444

Оған қаламыздың белсенді жас студенттері мен оқушылары қатысты.


Шымкентте ерікті жастардың екі күндік слеті басталды

«Тау самалы» балалар демалыс лагерінде ұйымдастырылған Шымкенттің ерікті жастарының екі күндік слеті басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Оған қаламыздың белсенді жас студенттері мен оқушылары қатысты. Барлығы да еріктілер қозғалысының мүшелері.
Жастар жиынына Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов қатысып, еріктілерден құралған жас өнерпаздардың концертін тамашалады.
«Ерікті» деген ұғым қазаққа жат емес. Ата-бабаларымыз бір істе бір-біріне қолдау білдіргенде барлығы бірігіп асарлататын болған. Сол «асар» сөзі бүгінгі еріктінің мағынасына өте жақын. Ендеше еріктілер қозғалысы қаламызда жандана беруі тиіс, - деді басқарма басшысы.
Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Мағжан Исахов екі күндік слетте жастар топқа бөлініп, көшбасшылық қасиетті дамыту, адамдар арасында лидер атану бойынша дәрістер мен жаттығулардан өтіп, жеңімпаз атанғандар бағалы сыйлықтармен марапатталатынын айтты.

Демалыс аймағындағы думанды басқосуда басқарма басшысы М. Шотанов жастармен бірге алау отын жағып, «галстуксіз» жағдайда түрлі тақырып аясында өзара пікір алмасты.

Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша қалалық фронт-кеңсесі жұмыс жасайды. Қаладағы 10-нан астам волонтерлік ұйымдармен, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында 30-ға жуық волонтерлік топтармен тығыз жұмыс атқарады. Оларда тұрақты түрде 4000-нан астам белсенді еріктілер жұмыс жасайды. Аталған волонтерлік ұйымдармен волонтерлік топтармен «Жанға жылу» акциясы аясында қаладағы аз қамтамасыз етілген 1000-ға жуық отбасыларға азық-түлік себеттері таратылды. «Birgemiz: Qamqor» жалпыұлттық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік себеттері үлестіріліп, «Харекет» қайырымдылық қоры мен «Ізгілікте жарысайық» қоғамдық қайырымдылық қорлары жыл басынан бері әлеуметтік жағдайы төмен, асыраушысынан айырылған көпбалалы отбасыларға баспана кілтін табыстады.