Бұл туралы Шымкент қаласы Энергетика басқармасының өкілі мәлімдеді.
иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден
Шымкентте қаласында соңғы уақытта жарықтың жиі өшіп қалуы тұрғындардың наразылығын тудырып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шаһар тұрғындарының сөзінше, қала аумағында соңғы кездері жарық жиі сөнетін көрінеді. Ешқандай себепсіз, ауа райы қолайсыз болмаса да жарықтың сөнуі жиілеп кеткен. Жарықтың болмауы қала тұрғындарына қолайсыздық тудырып жатқаны айтпаса да белгілі.
"Бізде кешкі сағат 21:00 бен 22:00 аралығында электр қуаты жиі өшеді. Тура кешкі уақытта жарықтың болмауынан қолайсыздықтар орын алуда", - дейді Төменгі Отырар шағын ауданының тұрғыны Байзақ Сымбат.
Сонымен қоса, Құрсай елдімекенінің тұрғындары да осы аталған мәселені айтып жүргендеріне біраз уақыт болыпты. Елдімекен тұрғындарының айтуынша, соңғы бір ай ішінде күн сайын кешке сағат 18:00 мен 20:00 арасында кейде 16:00 пен 17:00 аралығында жарық өшіп қалады екен. Сол өшкеннен 3-4 сағат бойы жарықсыз отыратын көрінеді.
"Жауапты өкілдерге хабарлассақ, олар 2 сағат ішінде жанады деп айтады. Бірақ әдетте екі сағатта асып кетеді. 3-3,5 сағаттан кейін барып жанады", - дейді Құрсай елдімекенінің тұрғыны Тұраров Ғалымжан.
Аталған мәселелер бойынша жауапты мамандар табиғи газдың жетіспеушілігінен деп түсіндірді. Энергетиктер жарықтың жиі сөнуінің бірнеше себебі барын алға тартты.
"Бүгінгі таңда қалада табиғи газдың жетіспеушілігінен электр энергиясын тұтыну барынша өсті. Осыған байланысты КЕГОК АҚ тарапынан 110 кВ кейбір желілерін уақытша ажыратумен ВЛ-220 кВ шиналарындағы кернеу жүктемесі реттелуде. Сондықтан, қала аумағындағы елдімекендерде электр қуатының сөнуі жиі орын алуда. Қала тұрғындарын орын алған келеңсіз жағдайға түсіністікпен қарап, сабырлық танытуға шақырамыз!", - дейді сала мамандары.
Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметінше, тек 2025 жылы ғана қалада сапалы электрмен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек.
Айта кетейік, Шымкентте 81 елді мекеннің 65-і сапалы электрмен қамтылса,16-сы жарықты жекеменшік жүйеден алады. Биыл электрмен қамту үшін 11,4 млрд. теңгеге 4 қосалқы станция мен 16 елді-мекенде ішкі жүйелерінің құрылысы жүруде. Жыл соңына дейін Ақжар, Жалын, Достық, Ынтымақ-2, Айкөл, Игілік және Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабында құрылыс аяқталып, 21 мыңнан аса халық сапалы электрмен қамтылады деп хабарлаған болатын қала әкімінің баспасөз қызметі.