М.Кемел: «Кедейлігіміздің себебі – бұл біздің білімсіздігіміз, мәдениетсіздігіміз».
Шымкент қалалық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында жазушы Мырзагелді Кемел оқырмандармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бүгін Шымкент қаласында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академисының профессоры, аудармашы, қаламгер Мырзагелді Кемелдің музей-кабинетінің салтанатты ашылуы өтті.
Аталған іс-шара «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Еркінбек Тұрысов бастаған зиялы қауым өкілдері мен қалың оқырман қатысқан сұхбат кешіне жалғасып, жазушының шығармашылығы және ерен еңбектері мен өмірі, өткен мен бүгін жайлы ғибратты әңгімелер өрбіді.
Сондай-ақ, салтанатты кеш кейіпкері бұл музей-кабинеттің ашылуы тосынсый болғанын айтты.
«Негізі мені оқырмандармен кездесуге шақырған. Бірақ осындай тосынсый жасап отыр. Мен әлемнің 20 елінде болсам да, мұндай құрмет көрген жоқпын. Қазір Елордада тұрамыз, алдағы уақытта отбасымызбен туған жерге көшіп келіп, қызмет етуді жоспарлап отырмыз. Құдай қаласа, осы бөлме керемет сұхбат алаңына айналады деп үміттенемін. Осы істі ұйымдастырған "Отырар" кітапханасының директоры Күлия Айдарбековаға алғысымды білдіремін», - деді туған жерге деген сағынышын жасырмаған Мырзагелді Кемел өз сөзінде.
Сонымен қатар, Мырзагелді Кемел кеш соңында «Мейірім», «Жазбаша тренинг» секілді жастарға және қоғам мүшелеріне рухани құндылықтар сыйлайтын бірнеше жаңа кітаптарымен тансытырды. Жазушының айтуынша, бұл кітаптар жақын арада ауқымды таралыммен жарыққа шығады.
Одан бөлек қаламгер қазіргі уақыттағы әлеуметтік мәселелер жайында да сөз қозғап, өз пікірін білдірді.
«Кедейлігіміздің себебі – бұл біздің білімсіздігіміз, мәдениетсіздігіміз. Заманауи дамудан кешеуілдеп келеміз», - деді М.Кемел.
Айта кету керек, 2019 жылы 70 жасқа толған жазушы бұрынғы ОҚО, Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Сонымен қатар, жазушылық ғұмырында ізгілік пен имандылыққа, білім мен парасатқа үндейтін кітаптар жазып, қытай ақылмандары Лао Цзы мен Конфуцийдің шығармаларын аударған.