Шымкентте кәсіпорындарға тексеру жүргізіліп, 36 млн теңгеден астам айыппұл салынды

0
704

2022 жылдың 1 жартыжылдығы бойынша Шымкент қаласы ластанудың көтеріңкі деңгейінде тұр.


Шымкентте кәсіпорындарға тексеру жүргізіліп, 36 млн теңгеден астам айыппұл салынды
Шымкентте биылғы жылдың 10 айында 18 кәсіпорын тексеріліп, жалпы сомасы 36 млн теңгеден астам 42 әкімшілік айыппұл салынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ермахан Қозыбаев брифинг барысында мәлімдеді.
Өткен жылы индустриалды аймақта 8 кәсіпорынға тексеру жүргізіліп, жалпы сомасы 7 млн теңгеден астам 12 әкімшілік айыппұл салынды. 2022 жылдың 1 жартыжылдығы бойынша Шымкент қаласы ластанудың көтеріңкі деңгейінде тұр.
Ластау көзін анықтау үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, түнгі кезекшілік ұйымдастырылған. Жалпы департамент тарапынан ластау көздерін анықтау бағытында тұрақты жұмыс атқарылуда. Сонымен қоса, тексеру сапасының деңгейі жылдан жылға артуда.
2022 жылдың 10 айында 43 тексеру жүргізіп, 173 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 57 млн теңгеден астам айыппұл салған. Өткен жылдың 10 айында 21 тексеру жүргізілген. Жалпы сомасы 8 млн теңгеге жуық айыппұл салынған. Яғни, тексеру 2 есеге жуық, айыппұл сомасы 7 есе артқан.
Брифинг барысында Е.Қозыбаев 10 айда атқарылған жұмыстардан бөлек, жақында ғана әлеуметтік желілерде резонанс тудырған сусын шығаратын зауыттың сарқынды суларының су каналына төгілу дерегіне де тоқталып өтті.
Департаментке 2022 жылдың 29 қыркүйегінде Тассай тұрғын үй алабында сусын шығаратын зауыттың сарқынды суларының су каналына төгіліп жатқаны жөнінде арыз келіп түскен. Департаменттің зертханалық-талдау бөлімі мамандарымен арыздағы мекенжайға шығып, кәсіпорынның атауы «Юникс Беверейдж» ЖШС екені анықталады. Сол жерде кәсіпорыннан бетондалған су каналына құбыр шығып су тасталып жатқандығы расталды. Мамандармен су сынамалары алынды. Алайда, арыз берген азаматтар электронды түрде өз арыздарын кайтарып алған. Департамент тарапынан бұл жөнінде әлеуметтік желідегі парақшада барлық іс-қимыл хабарландырылып, ашықтық қамтамасыз етілген, - деді спикер.