Шымкентте келер жылы 66 мыңға жуық адам кәріз жүйесіне қосылады

0
457

2025 жылға 75% қамту көрсеткішіне қол жеткізу көзделуде.


Шымкентте келер жылы 66 мыңға жуық адам кәріз жүйесіне қосылады

Шымкент қаласында келер жылы 66 мыңға жуық адам кәріз жүйесіне қосылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылында Шымкент қаласының аумағы ұлғайып, жаңадан қосылған елді мекендер саны артты, қала халқы үш есеге өсті, қала мегаполис мәртебесін алды. Жаңа шағын аудандар бой көтерді. Қарқынды даму үстіндегі шаһарда коммуналдық мәселенің болары да анық. Қала басшылығы бұл бағыттағы түйткілді мәселелерді шешу үшін жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда. Себебі инженерлік инфрақұрылым қала дамуының фундаменті. Сала жобаларының уақытылы және сапалы жүзеге асыру қалалық қызметтердің басым бағыттарына жатады.
Елдімекендерді кәріз жүйесімен қамтамасыз ету үшін биылғы жылға жоспарланған 13 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен 6,2 млрд теңге қаржы бөлінді. Жүргізілген құрылыс жұмыстарының үшеуі магистралды кәріз коллекторы болса, 10 елдімекенге ішкі жүйелер тартылды.
Нәтижесінде Тұран шағынауданындағы кәріз сорғы станциясының құрылысы аяқталып, ондағы көп қабатты тұрғын үйлер жүйеге қосылды. Наурыз шағынауданының 3,5 мың және Самал-1 шағынауданында 22 мыңдай тұрғын кәріз жүйесіне қосылды. Нәтижесінде кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 52,3 пайыздан - 54 пайызға өсті.
Бұл көрсеткішті арттыру мақсатында келер жылы 5 магистралды және 12 елді мекенге ішкі жүйелерді тарту жұмыстары жүргізілмек. Оған қаралған қаржы 6,4 млрд. теңгені құрауда.
Атап айтқанда 2022 жылы Самал -2,3, Достық, Асар-2, Мирас-Шапағат-2, Ұлағат, Тассай, Солтүстік шығыс, Тұран, Қайтпас-1,2, Солтүстік-Батыс елді мекендерде құрылыс жұмыстары жүргізіледі.
Жыл қорытындысымен 1 магистралды және 12 елді мекенде ішкі жүйелердің құрылыс жұмыстары аяқталып, 66 мыңға жуық адам кәріз жүйесімен қамтылады. Нәтижесінде көрсеткіш 54%-дан, 60%-ға дейін өседі.
2022-2025 жылдары қаланың оңтүстік, солтүстік бөлігін кәріз жүйесімен қамту үшін дамыту жоспарына сәйкес, 2 дана кәріз – тазалау имаратының, магистралдық коллекторлардың және елді мекендердің ішкі жүйелер құрылысын жүргізу жоспарлануда. 2025 жылға 75% қамту көрсеткішіне қол жеткізу көзделуде.