Шымкентте қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиада басталды

0
40

Білім сайысы құқық негіздері, орыс тілі мен әдебиеті, сондай-ақ қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті пәндерін қамтиды.


Шымкентте қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиада басталды

Бүгін Шымкент қаласында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен жалпы білім беретін пәндер бойынша 10–11 (12) сынып оқушыларына арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиада басталды.

Білім сайысы құқық негіздері, орыс тілі мен әдебиеті, сондай-ақ қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті пәндерін қамтиды.
Олимпиаданың негізгі мақсаты – қоғамдық-гуманитарлық пәндерге қызығушылығы жоғары дарынды оқушыларды анықтау, олардың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамыту, сондай-ақ халықаралық және республикалық деңгейдегі білім додаларына қатысатын үздік оқушыларды іріктеу және жүйелі түрде даярлау.
Биылғы білім бәйгесіне еліміздің барлық өңірінен 270 оқушы қатысуда. Оның ішінде Шымкент қаласынан 12 оқушы бар. Олимпиада дарынды жастардың басын қосқан ауқымды алаңға айналып, қатысушыларға өз білімдерін сынап қана қоймай, тәжірибе алмасуға және жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.
Үш күнге жоспарланған іс-шара аясында қатысушылар үшін мәдени-танымдық бағдарлама да қарастырылған. Оқушылар қаланың тарихи-мәдени орындарын аралап, өңірдің бай мұрасымен танысады.
Осылайша, Шымкентте өтіп жатқан республикалық олимпиада – тек білім сайысы ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың жан-жақты дамуына бағытталған маңызды алаң.
Бөлісу