Шымкентте құқықбұзушылықтар ЖИ арқылы анықталады

0
134

Жасанды интеллектке негізделген жол қауіпсіздігі жүйелерін енгізу қаладағы тәртіпті күшейтіп, жүргізушілер мәдениетін арттыруға және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсерін тигізуде.


Шымкентте құқықбұзушылықтар ЖИ арқылы анықталады

Шымкент қаласында цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Қалада мемлекеттік басқару, қоғамдық қауіпсіздік, білім беру және денсаулық сақтау салаларын цифрлық трансформациялау мақсатында бірқатар жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Осы бастамалардың негізгі бағыттарының бірі — жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жасанды интеллект жүйелері.
Атап айтқанда, «Жаяу жүргіншілер өткелі» жобасы жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі құқықбұзушылықтарды жасанды интеллект көмегімен автоматты түрде анықтауға бағытталған. Жүйе жол қозғалысын бұзу фактілерін тіркеп қана қоймай, көлік құралының мемлекеттік нөмірін, құқықбұзушылық жасалған уақыт пен орнын автоматты түрде дерекқорға енгізеді.
Megacam.Argus жүйесінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың 20 тамызы мен 3 желтоқсаны аралығында Байтерекова көшесінде, «Хюндай центрі» маңында 9 166 құқықбұзушылық тіркеліп, айыппұл салынған.
Сондай-ақ Рысқұлов көшесі бойында, «Самал» базары маңында 25 642 құқықбұзушылық анықталды.
Айта кету керек, аталған аумақтарда жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім фактілері тіркелмеген.
Сонымен қатар, Innova Tech компаниясы әзірлеген «Ақылды жаяу жүргінші» жобасы да өз тиімділігін көрсетіп отыр. 2026 жылдың 24–28 наурызы аралығында Жібек жолы көшесінде 343 құқықбұзушылық, ал Тәуке хан көшесінде 146 құқықбұзушылық анықталған.
Жалпы жасанды интеллектке негізделген жол қауіпсіздігі жүйелерін енгізу қаладағы тәртіпті күшейтіп, жүргізушілер мәдениетін арттыруға және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсерін тигізуде.
Шымкент қаласы цифрлық технологиялар арқылы қауіпсіз әрі тиімді қалалық орта қалыптастыру бағытын жалғастырады.
Бөлісу