Шаһар басшысы «Shymkent City» шағынауданындағы саябақ құрылысының үшінші кезеңінің жүзеге асырылу барысын назарға алды.
Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков қала аумағын аралау барысында бірқатар маңызды нысандардың құрылыс барысымен танысып, жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Қаратау ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің («Жарық-2» тұрғын кешені) құрылыс алаңын тексерген қала әкімі іргелес аумақты абаттандыру және нысандарды инженерлік инфрақұрылым жүйелеріне уақытылы қосудың маңыздылығын атап өтті. Тиісті басқармалар мен мердігер ұйымдарға бұл бағыттағы жұмыстарды сапалы әрі мерзімінде орындау тапсырылды.
Сондай-ақ шаһар басшысы «Shymkent City» шағынауданындағы саябақ құрылысының үшінші кезеңінің жүзеге асырылу барысын назарға алды. Жаңа қоғамдық кеңістік қарқынды дамып келе жатқан ауданның көркін арттырып, тұрғындар үшін заманауи әрі жайлы демалыс орнына айналмақ. Жоба аясында жаяу жүргіншілерге арналған аллеялар, спорттық және шолу алаңдары, перголалар мен шағын сәулет нысандарын салу көзделген.
Қала әкімі құрылыс басқармасы мен мердігер ұйымдарға жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта қалыптастыруды басты назарда ұстауды тапсырды.
Бұдан бөлек, Тұран ауданындағы Матросов көшесінде орналасқан тозығы жеткен тұрғын үйлердің жай-күйі де назардан тыс қалған жоқ. Тұрғындармен кездесу барысында қала әкімі аталған аумақта жаңа көпқабатты тұрғын үйлер салуды көздейтін реновация бағдарламасының талаптарын түсіндірді. Сонымен қатар бұл жобаны жүзеге асыру үшін тұрғындардың толық келісімі қажет екені, ал инвесторлар белгіленген тәртіпке сәйкес тартылатыны атап өтілді.
Жалпы, қала аумағында жүргізіліп жатқан мұндай жұмыстар Шымкенттің инфрақұрылымын жетілдіріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.


