Шымкентте қысқы тазалық жұмыстарына арнайы техникалар алынады

0
304

Бүгінде жекеменшік әріптестерде қысқы маусымда қардан тазарту жұмыстарына жұмылдырылатын 126 арнайы техника сақадай сай тұр.


Шымкентте қысқы тазалық жұмыстарына арнайы техникалар алынады

Шымкент қаласында қысқа дайындық науқаны жүріп жатыр. Тазалық науқанына қосымша арнайы техникалар алынатын болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өткен арнайы жиында мегаполис аумағын қардан тазалау жұмыстары талқыланып, дайындық барысы пысықталды. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы тарапынан маусымдық жұмыстардың кешенді жоспары таныстырылды.
Бүгінде жекеменшік әріптестерде қысқы маусымда қардан тазарту жұмыстарына жұмылдырылатын 126 арнайы техника сақадай сай тұр. Онымен қоса жеке кәсіпкерлердің 30-ға жуық техникасын пайдалану бойынша келісім шарт түзілген. Өткен жылмен салыстырғанда техника саны 87 данаға артып отыр.
Қазан айында қосымша техникалар сатып алу жоспарлануда. Жалпы, қар күреу жұмыстарына, инертті материалдар мен қарды тасымалдауға тиісті қаражат қаралған. Қардан тазарту жұмыстары әр ауданда 4 бағыт бойынша жүзеге асырылады.
Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға тазалық жұмыстарының кестесін талапқа сай пысықтауды және арнайы техникалардың қажеттіліктерін нақты анықтауды тапсырды. Сондай-ақ осыған дейін жіберілген кемшіліктерді зерделей отырып, өзекті мәселелерді шешу қажеттігін ескертті.

Қосымша ақпарат үшін айта кетейік, жоспарға сәйкес Шымкент қаласында қысқы маусымға дайындық жүріп жатыр. Соның бірі, 8,7 шақырым жылу жүйелері ағымдағы жөндеуден өтіп, 9,3 шақырымға қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Жобалар аясында Гагарин, Абай, Громов көшелеріндегі магистралды жылу құбырларын және Гоголь, Адырбеков көшелеріндегі жылу желілерін жөндеуден өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ қазір «3-Энергоорталық», «ҚазТрансГаз Аймақ», «ОңтүстікЖарықТранзит», «Су ресурстары - Маркетинг» коммуналдық мекемелер тарапынан да тиісті модернизациялық жұмыстар басталған.
Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы өткен жылыту маусымындағы кемшіліктерді ескере отырып, барлық жылу жүйелерінде, қазандықтарда, сорғы стансаларында, инженерлік жүйелерде жоспарланған жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізіп, мерзімінде аяқтауды ескерткен болатын.