10 минуттың ішінде өтінім ҚР ІІМ жүйесіне түсіп, азаматтың жеке кабинетінде расталады.
Шымкенттіктер тұрғылықты жер бойынша онлайн арқылы жиі тіркеле бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Пандемия электронды қызметтердің дамуына үлкен серпін берді. Егер бұрын үлкені де, кішісі де қарапайым анықтамалар үшін халыққа қызмет көрсету орталығына баруды жөн көретін болса, карантин жағдайында азаматтар мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде ала бастады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласындағы баспасөз хатшысы Алтынай Татаеваның айтуынша, ол қызметті пайдалану үшін,тұрғын үй иесі мен онда тіркелу ниетін білдірген азаматта электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) немесе смс-пароль көмегімен (мобильді азаматтар базасында тіркеудің болуы міндетті) порталда авторизациядан өтуі қажет.
"Өтініш беруші – жылжымайтын мүлік иесі болса, өтінімді толтырып, содан кейін ЭЦҚ-мен немесе SMS-пароль арқылы қол қоюы жеткілікті. Тұрғын үйдің меншік иесі үшінші тарап болған жағдайда, өтініш беруші меншік иесінің ЖСН-ын, жылжымайтын мүліктің мекенжайын, уақытша тіркелудің мерзімін көрсетуі және меншік иесінің жеке кабинетіне келіп түсетін сұрау салуды жіберуі қажет. Тіркелуші азамат өтініш жасап, мүлік иесі оны растауы қажет" - деді Алтынай Татаева.