Жаңа орталық іске қосылғаннан кейін ана мен балаға жоғары білікті акушерлік және неонаталдық медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік артады.
Шымкентте медициналық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Қалада жаңа медициналық нысандар салынып, қолданыстағы денсаулық сақтау ұйымдары заманауи талаптарға сай жаңартылуда.
Сондай ірі жобалардың бірі – 200 орынға арналған жаңа перинаталдық орталық. Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп, ғимараттың іргетасы қалануда.
Жаңа орталық іске қосылғаннан кейін ана мен балаға жоғары білікті акушерлік және неонаталдық медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік артады.
Үш қабатты ғимаратта лаборатория, тамақтану блогы, бақылау-өткізу пункті, қазандық, медициналық газ станциясы және шаруашылық аймағы қарастырылған. Нысан аумағында 123 жеңіл автокөлікке, 16 әкімшілік көлікке және 8 жедел жәрдем көлігіне арналған автотұрақтар болады.
Сонымен қатар, жобада көлемі 120 текше метр су резервуары, автокөліктерді дезинфекциялау алаңы және абаттандырылған саябақ қарастырылған.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып, ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін одан әрі нығайтуға бағытталған.


