Жасөспірім қаруды сыныптасынан алғанын айтқан.
Шымкенттегі мектептердің бірінде оқитын оқушы сабаққа тапанша алып келген, деп хабарлайды ERNUR.KZ elitar.kz порталына сілтеме жасап.
Шымкент қаласы Полиция департаменті жүргізіп жатқан "Жасөспірім" рейдтік іс-шарасы барысында 9 сынып оқушысының сөмкесінен травматикалық тапанша табылды.
"25 қараша күні рейд барысында мектеп аумағын тексеру кезінде оқушының сөмкесінен қару табылды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде",- дейді Әл-Фараби ПБ ювеналды полиция бастығының міндетін атқарушы Батырхан Әлиев.
Айта кетейік, мектеп оқушысы Әл-Фараби ПБ-ға жеткізіліп, баланың ата-анасы шақырылған. Ал, жасөспірім қаруды сыныптасынан алғанын және тапаншаны мектепке қайтару үшін алып келгенін айтқан.