Шымкентте оқушылар ескерткіш аумағын абаттандыруға үлес қосты

0
167

Акцияға 4–8 сынып аралығындағы 50-ге жуық оқушы қатысты.


 Шымкентте оқушылар ескерткіш аумағын абаттандыруға үлес қосты

Жеңіс күні қарсаңында Шымкент қаласында патриоттық бағыттағы іс-шара ұйымдастырылды.

М. Горький атындағы №12 мектептің оқушылары Еңбекші ауданы әкімі аппаратының қызметкерлерімен бірлесіп, «Жеңіс» саябағында орналасқан Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рақымовтың ескерткіші аумағында санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Іс-шараның мақсаты – жас ұрпақтың тарихи жады мен отансүйгіштік сезімін қалыптастыру, сондай-ақ ел батырларына деген құрметті арттыру. Акцияға 4–8 сынып аралығындағы 50-ге жуық оқушы қатысты. Олар ескерткіш аумағын тазалап, көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, батыр рухына тағзым етті.
№12 мектеп директоры Гүлжан Омарованың айтуынша, мұндай бастамалар оқушыларды отан тарихын терең тануға және патриоттық құндылықтарды дәріптеуге баулиды.
— Оқушылардың бұл іске өз еркімен қатысуы – олардың ел тарихына деген құрметінің айқын көрінісі, — деді мектеп директоры.
Тазалық жұмыстары патриоттық мазмұндағы мәдени бағдарламаға ұласып, оқушылар әскери әндер орындап, соғыс жылдарына арналған өлеңдерді оқыды.
Еңбекші ауданы әкімі аппаратының өкілдері мұндай шаралар жас буынның тарихи санасын қалыптастыруға және елге деген сүйіспеншілікті арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Бөлісу