​Шымкентте өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Республикалық турнир басталды

0
318

Жарыстың бірінші күні - жүз метрлік кедергілері бар жолақтан өту бойынша жарыс басталды.


​Шымкентте өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Республикалық турнир басталды

Бүгін Шымкент қаласындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионында өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ерлер мен әйелдер құрама командаларының арасында Қазақстан Республикасының Кубогының VII турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

4 күн ішінде еліміздің өңірінен келген 13 ерлер және 12 әйелдер құрама командалары жүлделі орындарға тартысты жарыста таласатын болады. Сондай-ақ осындай дәрежедегі жарысқа қатысу және өз күшін сынап көру үшін Қырғызстан Республикасының спортшысы Алишер Конокбайулу арнайы келді.

Салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, ТЖД бастығы генерал-майор Қуанар Базарбаев, «Қазақстандық өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорт федерациясы» ҚБ атқарушы директоры Дәурен Данаев, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері және басқа да қонақтар қатысты. Олар құттықтау сөзін сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Ашылу салтанатынан кейін жарыстың бірінші күні - жүз метрлік кедергілері бар жолақтан өту бойынша жарыс басталды.

Бұл дисциплина күш пен жете назар аударуды талап етеді. Өйткені, бұл кедергілерді сәтті еңсеру үшін тек жылдамдық ғана емес, ептілік те қажет болады. Жүгіру динамикалық түрде 2 метрлік қоршауды еңсеру, бөрене (бум) арқылы жүгіру, жеңді тармаққа қосу секілді бірнеше элементтерді қамтиды.

Турнирдің екінші күнінде командалар оқу мұнарасының 2, 3, 4-қабаттарына шабуыл сатысымен көтерілу бойынша жарысатын болады. Одан кейінгі күндері өрт эстафетасы мен жауынгерлік қанат жаю бойынша жарыстар өтеді.

Бөлісу