Шымкентте ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР күніне орай салтанатты іс-шара өтті

0
218

Мереке аясында кәсіби біліктілігімен ерекшеленіп, өңір қауіпсіздігіне елеулі үлес қосқан бірқатар әскери қызметшілер алғыс хаттармен марапатталды.


Шымкентте ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР күніне орай салтанатты іс-шара өтті

Шымкент қаласында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында тағылымды әрі мазмұнды салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.

«Металлургтер» саябағында өткен «Ел тыныштығын күзеткен ерлерге құрмет» атты кездесу ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген азаматтарға тағзым етуге арналды.

Іс-шара Тұран ауданы аумағында өтіп, оған кәсіби офицерлер, мерзімді әскери қызметшілер, курсанттар және қала тұрғындары белсенді қатысты. Жиналған көпшілік алдында 6506 және 69898 әскери бөлімдерінің сарбаздары, сондай-ақ Сабыр Рахимов атындағы әскери колледждің тәрбиеленушілері саптық дайындықтары мен әскери шеберліктерін паш етті.
Салтанатты жиында Тұран ауданы әкімінің міндетін атқарушы Дәурен Балғанов құттықтау сөз сөйлеп, Отан қорғаушылар күні – ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген азаматтардың ерлігі мен батырлығын ұлықтайтын маңызды мереке екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол ардагерлерге алғыс білдіріп, әскери қызметшілердің қажырлы еңбегі бейбіт өмірдің берік кепілі екенін жеткізді.
Мереке аясында кәсіби біліктілігімен ерекшеленіп, өңір қауіпсіздігіне елеулі үлес қосқан бірқатар әскери қызметшілер алғыс хаттармен марапатталды.
Іс-шара барысында патриоттық әндер шырқалып, шығармашылық қойылымдар ұсынылды. Кеш курсанттардың салтанатты дефилесімен қорытындыланды.
Аталған іс-шара өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге, әскери қызметтің мәртебесін арттыруға және қоғамда ел қорғаушыларға деген құрметті нығайтуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.
Бөлісу