Шымкентте өзгеше форматтағы мектептер салынады

0
2 097

Бұл тиімді, әрі қалада тапшы жер телімін үнемдеу жағынан ұтымды болып табылады.


Шымкентте өзгеше форматтағы мектептер салынады

фото: cod02.ru

ERNUR.KZ. Шымкент қаласында оқушылар санының көбеюіне байланысты құрылыс нормалары мен ережелеріне өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ shymkenttv.kz арнасына сілтеме жасап.

Осы өзгерітерден кейін Шымкент қаласында 4 қабатты мектептер көптеп салынатын болады. Осыған дейінгі білім ұяларының ең ауқымдысы 1200 оқушыға арналған болса,енді мектеп сыйымдылығы 3 мың балаға жетеді. Бұл тиімді, әрі қалада тапшы жер телімін үнемдеу жағынан ұтымды болып табылады.

«Жаңадан енгізілген өзгерістерге сәйкес, бұрындары бір оқушыға 53 шаршы метр қарастырылса, бүгінгі таңда бір оқушыға 43 шаршы метр белгіленіп отыр. Шымкент қаласында адамдар жиі шоғырланған шағынаудандарда қалалық білім бөліміне тиісті ұсыныстарды жолдадық. Білім бөлімі бір жарым мыңдық, 3 мыңдық мектеп қажет пе, соны айтады. Соған сәйкес, жобалау сметалық құжаттары дайындалатын болады», - дейді Шымкент қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Ғалымжан Өтенбаев.

Айта кетейік, бүгінде қала аумағында 133 білім ұясы бар. Соның 8-і білім стандартына сай емес, олар ыңғайластырып салынған ғимараттарға жайғасқан. 25 білім ошағы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал, 2 білім мекемесі үш ауысымда оқуға мәжбүр болып отыр. Келешекте төрт қабатты мектеп салынатын болса, осы мәселенің түйіні шешілмек.

Осы мәселеге байланысты Шымкент қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Пазылхан Асауов: « Мектеп салатын жердің көлемін азайтып, 4 қабатты мектеп салу мәселесі қарастырылуда. Қала ішіндегі жер учаскелерінің тарылуына байланысты мектепті төрт этажды етіп салу бізге жақсы, ыңғайлы болып отыр қазіргі таңда» , - деді.

Жаңа құрылыс ережесіне сәйкес, төрт қабатты мектеп ғимараттары салынған жағдайда білім саласындағы басты проблемалар оң шешімін таппақ.