Еліміз бойынша 21 команда, 167 жайдарманшылар бақ сынасты.
Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығында «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Республикалық Премьер Лига» жайдарман ойыны өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Еліміз бойынша 21 команда, 167 жайдарманшылар бақ сынасты. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Көкшетау, Атырау, Қарағанды, БҚО, Қостанай, Жамбыл, Павлодар, ШҚО-нан қатысты.
«Республикалық Премьер Лига» жайдарман ойынының 1/16 финалдық кездесуіне 15 командаға жолдама берілді.
Жайдарманның ең басты ерекшелігі — өз шығармашылығына өмірдегі, саясаттағы, жалпы қоғамдағы болып жатқан құбылыстарды өзек етуінде және де халықтың заманауи сұранысының талаптарына сай болуында. Сахна мәдениеті мен шеберлік, би, ән, мимика, сөйлеу мәнері, ой ұшқырлығы сияқты өнер атаулының түрлі жанрларын қамтитын аталмыш ойын тек шығармашыл жастардың орталығы.
Сонымен қатар, 16 -19 мамыр аралығында жайдарманшылар Шымкент қаласына саяхат маусымымен келген болатын. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың қолдауымен қаланың көрікті жерлерін аралап, жастар ресурстық орталығының алдында жайдарманшылар арасында үстел теннисінен турнир өткізілді.