Мерекелік концертте қазақ, татар, башқұрт және өзге этностардың шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, ұлттық әндер мен билер орындалды.
Шымкент қаласындағы Абай саябағында татар-башқұрт халқының дәстүрлі «Сабантуй – 2026» мерекесі өтті.
Іс-шараның мақсаты – татар және башқұрт халықтарының мәдениеті мен салт-дәстүрін кеңінен таныстыру, этносаралық достық пен қоғамдық келісімді нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Мереке аясында Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтіп, қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды. Сонымен қатар қолданбалы өнер көрмесі, фотокөрме, ұлттық тағамдар көрмесі және татар халық ертегілеріне арналған сурет көрмесі ұйымдастырылды.
Салтанатты бөлімде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды.
Жиында Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Заңғарбек Нышанбекұлы Үсіпахметов, Қазақстан татарлары мен башқұрттарының республикалық конгресі төрағасы Тауфик Акрамұлы Каримов және қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Рамиля Рафқатқызы Искандерова құттықтау сөз сөйлеп, мерекенің маңыздылығына тоқталды.
Іс-шараға Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Мерекелік концертте қазақ, татар, башқұрт және өзге этностардың шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, ұлттық әндер мен билер орындалды. Татарстан Республикасынан келген өнерпаздардың қатысуы мерекенің мазмұнын айшықтай түсті.
Сонымен қатар мереке аясында татар халқының дәстүрлі «Күрәш» белдесуі мен ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздар арнайы марапатталды.
«Сабантуй – 2026» мерекесі этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтқан тағылымды мерекеге айналды.


