Шымкентте саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның отырысы өтті

0
606

Мәжілісте министр Мемлекеттік комиссия мен өңірлер алдында тұрған мәселелерді нақтылап, тапсырмалар берді.


Шымкентте саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Қазақстан Республикасы Президентінің Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жарлығын орындау мақсатында - Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбектің төрағалығымен ZOOM платформасы арқылы Мемлекеттік комиссияның жалпыреспубликалық мәжілісі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мәжілісте министр Мемлекеттік комиссия мен өңірлер алдында тұрған мәселелерді нақтылап, тапсырмалар берді.
Республикалық жобалық кеңсе жетекшісі С.Қасымов әр өңір жасаған зерттеулерге талдаулар жасап өтті.
Мәжіліске Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қ.Асылов, ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Б. Әділханов, Шымкент өңірлік Жұмыс тобының жетекшісі Г.Жанысбекова және зерттеуші ғалымдар Ә.Сейдехан, Г.Серікбаева, Б.Айтай, Б.Найманбаев, Ж.Таштанов, Е.Пазилов қатысты.
Сондай-ақ, Президент 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Twitter-де арнайы жазба жариялады.

"Біз бүгін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Тоталитаризмнің бұл қырғыны халқымызға орасан зор қасірет әкелді. Тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды ақтау ісін жалғастыру – өте маңызды мәселе", – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де.

Президенттің пікірінше, азалы күндерден сабақ алып, мұндай нәубеттің келешекте қайталануына жол бермеу – баршамызға ортақ парыз. Біз ауыр сынаққа төтеп берген, ұлт бірлігін сақтап қалған және асыл қасиеттерін жоғалтпаған ата-бабамыздың үмітін ақтауымыз қажет.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін 2020 жылы арнайы Мемлекеттік комиссия құрылды. Оңтүстiк Қазақстан, қазіргі Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша 2500-ден аса адам «Халық жауы» ретінде атылды. Бүгінде Шымкент қаласы Полиция департаментінің арнайы мемлекеттік мұрағатындағы қуғын-сүргінге ұшыраған 563 азаматтың құжаттары толық ақтау бойынша қаралуда.

Бүгінгідей бейбіт заман, кемелді келешек үшін жанын пида еткен қазақ зиялыларын ақтау, жаңарған қоғамда лайықты, мәртебелі ордарын беру - азаматтық парызымыз! Бүгінгі ұрпақ саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтап, мақтан етеді.