Пайдаланушылар үшін қолжетімді әрі ыңғайлы тарифтік жоспарлар да әзірленген.
Шымкентте Байтұрсынов, Түркістан, Қонаев, Арғынбеков, Асқаров, Жангельдин, Иляев сынды үлкен магистралды көшелерге салынып жатқан веложолақтардың құрылысы кезең-кезеңімен аяқталуда. Бүгіннен бастап Shymkent bike велостанциясы қайта іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов әлеуметтік парақшасында мәлім етті.
– Қазіргі таңда жобада 160 велосипедтен құралған 40 велостанция қамтылған. Бүгіннен бастап карталар сатылымға шығады. Карталарды Тәуке хан көшесіндегі Имран супермаркеті жанындағы сату бөлімінен алуға болады, – дейді М.Исахов.
Пайдаланушылар үшін қолжетімді әрі ыңғайлы тарифтік жоспарлар да әзірленген. BIKE SHARING жүйесі арқылы велосипедті алғашқы 30 минут тегін пайдаланып, одан кейін тарифке сәйкес 1 сағат үшін -100 теңге, 2 сағат үшін – 250 теңге, 3 сағат үшін – 500 теңге, ал 3 сағаттан асса 1 000 теңгеден жұмсалады. Жалпы абоненттік төлем картасының құны: 1 айлық абонемент – 2 500 теңге, 3 айлық абонемент – 6 000, 1 жылдық абонемент – 10 000 теңге тұрады.