Мегаполисте жаңа спорт нысандарының құрылысы жоспарланып отыр.
Шымкент қаласында дене шынықтыру және спорт саласы қарқынды дамып келеді.
Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары – Дарменов Ермек Аманжолұлы тарқата айтып берді.
Спикердің сөзінше, бүгінде қаламызда 35 спорт ұйымы жұмыс істеп, спорттың 65 түрі дамытылуда. Оқу-жаттығу процесін 1121 жаттықтырушы жүргізсе, оның 795-і штаттағы мамандар, ал спорттық мекемелерде 16 283 спортшы тұрақты түрде жаттығуға қатысады. Дамытылып жатқан спорт түрлерінің ішінде 22-сі олимпиадалық, 2-сі олимпиадалық емес, 2-сі паралимпиадалық, 1-і сурдлимпиадалық және 10-ы ұлттық басым спорт түрлері болып табылады.
Сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде: жыл ішінде 54 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 31 спорт нұсқаушысы 13 саябақ пен аллеяда тұрғындар үшін тұрақты түрде таңғы жаттығулар ұйымдастыруда. Бұдан бөлек, шаһардың спорттық инфрақұрылымы да айтарлықтай дамыған. Бүгінде жалпы саны 877 спорт нысаны жұмыс істейді, оның 589-ы дене шынықтыру және спорт бағытындағы нысандар болса, 253-і білім беру ұйымдарының базасында орналасқан, ал 35-і спорт мектептерінің үлесінде.
Мегаполисте жаңа спорт нысандарының құрылысы жоспарланып, оның ішінде Қаратау ауданындағы Тұран және Тұран-2 шағынаудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 35 000 орындық стадион және паралимпиадалық, сурдлимпиадалық спорт кешені салынуда, сондай-ақ Базар қақпа тұрғын алабында қосымша спорт нысаны бой көтермек. Қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту мақсатында бірқатар нысандарға жөндеу жұмыстары жүргізу көзделген, олардың қатарында «Мұз сарайы», Локомотив стадионы, Шаумяна көшесіндегі футбол алаңы, кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі және «Орталық су спорт кешені» бар. Бұдан бөлек, қала шетіндегі Ақтас, Бадам-2, Көкбұлақ және Қызылжар тұрғын алаптарында жалпы көлемі бірнеше гектар болатын жер телімдері спорт нысандарын салу үшін заңдастырылып, алдағы уақытта құрылыс басқармасына ұсыныстар енгізілмек.
Сонымен қатар, демеушілер есебінен Қайтпас шағын ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен ипподром аумағында 150 орындық қонақ үй және 150 атқа арналған атқора салу жоспарлануда.


