Акцияның басты ерекшелігі – жүлде қаражатының аумақтарды одан әрі абаттандыруға бағытталуы.
Шымкентте тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, қаланы абаттандыруға деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталған «Таза қала» қалалық экологиялық акция-конкурсы басталды.
Жоба Шымкент қаласының Ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Шымкент қаласының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі тарапынан жүзеге асырылуда.
2026 жылдың маусым-желтоқсан айлары аралығында өтетін акция қаланың барлық бес ауданын қамтиды. Байқау екі кезеңнен – аудандық және қалалық кезеңнен тұрады. Аудандық кезеңде «Үздік аула», «Үздік көше» және «Үздік көпқабатты тұрғын үй» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталады. Әр аудандағы әр номинация жеңімпазына 300 мың теңгеден ақшалай сыйақы беріледі.
Аудандық кезеңнің үздіктері қалалық кезеңде «Үздік аула сыпырушысы», «Үздік аула», «Үздік көше» және «Үздік көпқабатты тұрғын үй» номинациялары бойынша бақ сынайды. Қалалық кезең жеңімпаздарына I орынға – 500 мың, II орынға – 250 мың, III орынға – 125 мың теңге көлемінде сыйақы қарастырылған.
Акцияның басты ерекшелігі – жүлде қаражатының аумақтарды одан әрі абаттандыруға бағытталуы. Жеңімпаздар қаражатты көгалдандыру, гүлзарлар жасау, қоқыс жәшіктерін орнату және басқа да экологиялық бастамаларға жұмсайды. Байқаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін арнайы комиссия мен аудандық жұмыс топтары құрылып, атқарылған жұмыстарға мониторинг жүргізіледі.
Сонымен қатар, акция аясында тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Тақырыптық бейнероликтер мен материалдар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланып, қаладағы LED-экрандарда әлеуметтік жарнамалар көрсетіледі.
«Таза қала» акциясы тұрғындарды туған қаланың тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға үндейтін қоғамдық бастама ретінде Шымкенттің қолайлы әрі таза қалалық ортасын қалыптастыруға бағытталған.


