Жыл басынан бері Шымкент қаласында 819 жалдамалы және 354 ипотекалық пәтер пайдалануға берілген.
Ғабит Сыздықбеков кезекті қаланы аралау барысында жаңа пәтер кілттерін табыстау рәсіміне қатысып, қоныс тойын тойлап жатқан отбасыларды маңызды оқиғамен құттықтады.
Шаһар басшысы өз сөзінде тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту бағытындағы жүйелі жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
Атап айтқанда, Отбасы банк АҚ-тың «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары аясында 31 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Баспаналар төлем қабілеттілігін растаған азаматтарға жеңілдетілген несие шарттарымен ұсынылған.
Жалпы, жыл басынан бері Шымкент қаласында 819 жалдамалы және 354 ипотекалық пәтер пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіштер халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылып жатқанын айқындайды.
Сонымен қатар қала әкімі өндірістік және логистикалық нысандарды аралап, олардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, Continental Logistics Shymkent ЖШС-нің заманауи «A» санатындағы кешені 35 гектар аумақта орналасқан. Нысан құрамында көкөніс сақтау қоймасы, контейнер алаңы және сұрыптау-буып-түю кешені бар. Жалпы аумағы 65 мың шаршы метрді құрайтын кешенде 140 жұмыс орны құрылған.
Сондай-ақ Euro Tranzit Service Management ЖШС-нің көлік-логистикалық кешені қаралды. Мұнда A+ және B+ санатындағы қоймалар қарастырылған. Жобаның алғашқы кезеңінде 10 мың шаршы метр қойма салынып, 40 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұл жоба жүк өңдеу мен сақтаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Зерде дәріханалар желісі қоймасының жұмысы таныстырылды. Мұнда жылына шамамен 87 мыңға жуық дәрілік өнім сақталып, 50 адам жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар Turan Collagen ECO ЖШС-нің коллаген ақуызы мен спорттық тағам өнімдерін өндіру бағытындағы қызметі назарға алынды. Кәсіпорынның тәуліктік өндірістік қуаты 1,5–3 тоннаны құрайды.
Кәсіпорындарды аралау барысында қала әкімі компания басшыларымен өндірістік және логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту, заманауи технологияларды енгізу және алдағы даму жоспарларын талқылады. Сонымен қатар бұл нысандардың қаланың экономикалық әлеуетін арттырудағы, жаңа жұмыс орындарын ашудағы және бюджетке тұрақты салық түсімдерін қамтамасыз етудегі маңызы ерекше екені атап өтілді.


