"L-Capital Finance" ЖШС, "Береке қаржылық сауаттылық орталығы" ЖШС және "L-Capital" АҚ мекемелері басшылығының әрекеттерінен зардап шеккендер іздестіріліп жатыр.
Шымкент қаласында тұрғындардың сеніміне кіріп, ақшаларын иемденген жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен АҚ үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы ПД-нің Баспасөз қызметі хабарлады.
Шымкент ҚПД-нің Еңбекші ауданы Полиция басқармасына тұрғындар "L-Capital Finance" ЖШС, "Береке қаржылық сауаттылық орталығы" ЖШС және "L-Capital" АҚ мекемелерінің басшылығы алдау жолымен және сенімді теріс пайдалана отырып, олардың ақшаларын иемденгені туралы ұжымдық арыз берген.
Қазіргі уақытта, "L-Capital Finance" ЖШС, "Береке қаржылық сауаттылық орталығы" ЖШС және "L-Capital" АҚ мекемелері басшылығының әрекеттерінен зардап шеккендердің нақты саны нақтылануда.
"Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары! Егер де Сіз аталған мекемелердің тарапынан зардап шеккен болсаңыз, Шымкент ҚПД Еңбекші ауданы Полиция басқармасына +7 (702) 804-62-77 және +7 (701) 395-40-80 немесе 102 телефондары арқылы хабарласуларыңызды сұраймыз", - делінген хабарламада.
Шымкент қаласы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қазірде зардап шеккендердің саны - 237.