Шымкент қаласының туристік әлеуеті артып, инфрақұрылым қарқынды дамып келеді.
Биылғы маңызды жаңалықтардың бірі – темір жол вокзалының реконструкциядан өтіп, пайдалануға берілуі. Сонымен қатар, бүгін, 25 желтоқсан күні жаңа әуежай терминалы ресми түрде ашылуы.
Бұл туралы «Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасының 2024 жылғы 10 айдағы жұмыс қорытындылары туралы» тақырыбында баспасөз конференциясында айтылды.
Туризмді дамыту мақсатында қалада заманауи қонақ үйлер саны артып келеді. Биыл 11 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде “Kazakh Hotel”, “Aurum Hotel”, “Diamond Hotel”, “Zhamal Hotel”, “Makhambet”, “Mir Hotel” және “Cannes Hotel” секілді 7 қонақ үй жұмысын бастады. Жыл соңына дейін тағы 4 қонақ үй есігін ашады: “Алтай”, “Керемет”, “Zeinnur-Tau” және “Mardan”.
Маусым айында құрылысы басталған бес жұлдызды “Hilton” қонақ үйі 2026 жылы ашылмақ. Жобаға 35 млн доллар инвестиция салынып, 200-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Қонақ үйде 167 бөлме, кең ballroom залы, мейрамханалар, фитнес-орталық және конференц-залдар қарастырылған.
Шымкентке келетін туристер үшін ерекше орындар қатары жылдан жылға көбеюде. Олардың ішінде “Ибрагим ата”, “Қарашаш ана” кесенелері, “Shymqala” тарихи-мәдени кешені, Бәйдібек би ескерткіші, Зообақ, Қошқар ата өзені және “Арбат” жаяу жүргіншілер аймағы бар.
Қала аумағында республикалық маңызы бар 7 тарихи-мәдени нысан орналасқан. Биыл Ибрагим ата, Қарашаш ана және Хызыр кесенелерінің аумақтары абаттандырылып, жарық шамдары мен жаңа орындықтар орнатылды.
Сонымен қатар, “Miras тазалық” жобасы аясында екі жаңа санитариялық-гигиеналық торап іске қосылды. Олар Мирас университеті мен Спутник аллеясы аумағында орналасқан. Қазіргі таңда Арбат пен Цитадель аймақтарында қосымша тораптарды орнату жұмыстары жүргізілуде.