Қаламызға жеткізілген 30 жаңа автобус әлеуметтік бағыттарға қатынайды. Яғни, бұл қоғамдық көліктер қала орталығынан шалғайда орналасқан елді-мекендерің жолаушыларын тасымалдауда.
ERNUR.KZ. Шымкентке жуырда ғана жеткізілген жаңа автобустар қоғамдық көлік бағыттарына бөлініп, қатынай бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүйірлеріне қаланың символы – қызыл қызғалдақ салынған аппақ автобустар әзірге үш әлеуметтік бағытта жүр.
«Қаламызға жеткізілген 30 жаңа автобус әлеуметтік бағыттарға қатынайды. Яғни, бұл қоғамдық көліктер қала орталығынан шалғайда орналасқан тұрғын алабтардың жолаушыларын тасымалдауда. Олар - Ынтымақ, Жаңаталап, Шапырашты, Өтеміс, Абдулабад, Ақжар, Ақтас, Мирас, Бадам-2, Текесу, Айнатас және басқа да елдімекендер», - дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі жетекшісінің орынбасары Жарқын Байдуллаев.
«Ютонг» маркалы бұл автобустардың сыйымдылығы жоғары, заманауи және қолайлы. Бұл компанияның автобустары бұған дейін де қала көшелерінде қатынап жүр. Осылайша «T-bus» компаниясының өкілдері қаладағы жолаушы тасымалдау қызметінің сапасын жақсартуға үлес қосамыз деп отыр.
Айта кетейік, 5 шілде күні Шымкент қаласы Әл-Фараби алаңында З әлеуметтік маңызы бар маршрутта жүретін 30 қоғамдық көліктің таныстылымы өткенін жазған болатынбыз.
Сонымен қатар, мегаполис атанған Шымкент қаласына жыл соңына дейін 70 жаңа қоғамдық көлік әкелінетін болады.