Шымкентте жаңа саябақ ашылды: инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда

0
81

Қазіргі таңда дендросаябақта пандусы бар инклюзивті ойын алаңы, төрт воркаут алаңы, сәндік аркалар мен перголалар, балаларға арналған ойын аймақтары және демалуға арналған орындықтар орнатылды.


Шымкентте жаңа саябақ ашылды: инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда

Шымкент қаласында жаңа қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары жалғасуда. Кезекті жұмыс сапары аясында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Тұран-2» шағынауданында орналасқан жаңа саябақтың ашылуына қатысып, тұрғындармен кездесті.

Жалпы ауданы 2,7 гектарды құрайтын жаңа саябақ демеушілердің қолдауымен салынған. Қоғамдық кеңістікте жаяу жүргіншілер жолы, веложолақ, субұрқақ, балалар мен спорт алаңшалары және автотұрақ қарастырылған. Сонымен қатар көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, 1,8 гектар аумақты қамтитын көгал төселіп, түрлі қылқанжапырақты және жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды. Саябақ аумағы толықтай жарық шамдармен қамтылған.
Тұрғындармен әңгіме барысында қала басшысы қоғамдық кеңістіктердің көбейтілуі — инфрақұрылымды дамытудың маңызды бағыты екенін және бұл халықтың өмір сүру сапасын арттыруға оң әсер ететінін атап өтті.
Сондай-ақ, қала әкімі дендросаябақтағы қайта құру жұмыстарының барысымен танысты. Аталған жұмыстар әлеуметтік жауапкершілік аясында бизнес өкілдерінің қатысуымен кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңде аумақты абаттандыру, заманауи спорттық және ойын алаңдарын орнату қарастырылған.
Қазіргі таңда дендросаябақта пандусы бар инклюзивті ойын алаңы, төрт воркаут алаңы, сәндік аркалар мен перголалар, балаларға арналған ойын аймақтары және демалуға арналған орындықтар орнатылды. Жоспарланған барлық кезеңдер аяқталған соң, бұл аумақ қала тұрғындары мен қонақтары үшін ыңғайлы әрі заманауи демалыс орнына айналмақ.
Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында қала әкімі Абай ауданындағы «Алтынтөбе» және «Көкбұлақ» тұрғын алаптарында салынып жатқан жолдардың сапасын тексеріп, Әл-Фараби ауданындағы Ә. Молдағұлова көшесі мен «Қарасу» шағынауданындағы көпқабатты үйлердің жылыту маусымына дайындығын бақылап шықты.
Аталған нысандардағы жұмыстардың барысымен танысқан әкім жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеп, барлық жұмыстарды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Бөлісу