240 орындық ғимаратты қала әкімі ашты.
Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында салынған студенттер жатақханасы Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің қолданысына берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Студенттерге арналған жайлы ғимаратты қала әкімі Ерлан Айтаханов салтанатты түрде ашты.
«Баршаңызды мейрам алдында жайлы орынға қоныстануларыңызбен құттықтаймын. Елбасы 2023 жылға дейін барлық студенттерді жатақханамен қамту туралы тапсырма берген болатын. Шымкенттегі жатақхана қажеттілігін жою бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Мәселен, осы жылы бүгінгі 240 және 350 орынды екі жатақхананың құрылысы аяқталып, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне пайдалануға берілді. Келесі жылы «Шымкент» ӘКК арқылы 2 500 орынды жатақхана салу жоспарлануда», - деді Елан Қуанышұлы өз сөзінде.
Атап айтсақ, аталған оқу ордасының жаратылыстану факультетінің студенттері жайғасатын жатақхана Шымкент қаласындағы Нұрсәт шағынауданында орналасқан және заманауи талаптарға сай қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Онда кітапхана, оқу залы, демалыс бөлмесі, медициналық пункт пен ас бөлмесі бар.