Олардың ішінде 155-не әкімшілік, 50-не қылмыстық іс қозғалды.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Шымкентте лаңкестік және жаппай тәртіпсіздік әрекеттерін жасады деген күдікпен 400-ден аса азамат ұсталғанын айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Олардың ішінде 155-не әкімшілік, 50-не қылмыстық іс қозғалды. Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырушылардың 40-50 пайызы шымкенттіктер болса, қалғаны республикамыздың өзге өңірлерінен келгені анықталды.
- Бейбіт шеруден басталып бұзақылыққа жалғасқан көтерілісте 17 тәртіп сақшысы түрлі деңгейде жарақат алды, төртеуінің жағдайы ауыр, қаза болғандар жоқ. Одан бөлек 57 полиция автокөлігі толығымен жанды. Мәдени нысандар мен шағын бизнеске келтірілген шығын көлемі анықталуда. 10 күнде белгілі болып, Үкіметте құрылған арнайы комиссияға ұсынамыз.
Өткен жылы қалаға қойылған бейнекамералар бұзақыларды ұстауға үлкен көмегін тигізгенін тілге тиек етті. Заманауи камералар олардың түр-тұлғасын анықтап берген.
6 қаңтар күні Шымкент қалыпты тіршілігін бастады. Қала әкімінің басқаруындағы жедел штаб күшейтілген тәртіпте жұмыс жасауда. Антитеррорлық іс-шаралар әлі де жалғасып жатқандықтан, тұрғындардың төтенше жағдай режимінде кешкі сағат 23.00-ден таңғы 7.00-ге дейін тәртіп сақтауы аса маңызды деді.