Шымкент қаласындағы «Металлург» стадионында жасөспірімдер арасында дәстүрлі STROY CITY дзюдо турнирі өтуде.
Тәуелсіздік күніне арналған бұл ашық біріншілікке 2011-2014 жылдары туған 400-ге жуық жас спортшы қатысты.
Турнир кәсіпкер азаматтардың демеушілігі арқасында жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жарыстың бас төрешісі Самат Сапышев турнирдің ескі ережелер бойынша өтіп жатқанын және 10-нан астам төреші қазылық жасап жатқанын мәлімдеді.
Дзюдо спорты елімізде қарқынды дамып келеді. Биылғы Париж Олимпиадасында Елдос Сметов алтын, ал Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдеге ие болды. Бұл жеңістер жас спортшыларға үлкен серпін беріп, олардың спортқа деген қызығушылығын арттырды.
2024 жылы жерлесіміз Талғат Орынбасар Душанбеде өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлде иеленіп, қала мақтанышына айналды. Шымкентте дзюдо спортына қызығушылық танытқан дарынды жастардың қатары күн санап артып келеді.
Жарыс нәтижесінде үздік деп танылған спортшылар бағалы сыйлықтармен марапатталады. Ұйымдастырушылар болашақта осы турнирден ел намысын қорғайтын мықты спортшылар шығатынына сенімді.
Бұл турнир жас балуандардың өздерін шыңдап, тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беретін маңызды алаң болып отыр.