Шымкентте жіті ішек инфекциясы мен паразитарлы аурулардың тіркелуі жалғасуда

0
429

Ауырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар да бар. Бүгінде 130 жағдай тіркелген.


Шымкентте  жіті ішек инфекциясы мен паразитарлы аурулардың тіркелуі жалғасуда

ERNUR.KZ. Шымкент қаласындағы Өңірлік Коммуникациялар қызметінің алаңында «Тырысқақ және өткір ішек жұқпалы ауруларының алдын алу» баспасөз конференциясы өтті.

Бифингте Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Тұрымбетова Айгүл Мелесқызы, Шымкент қаласының обаға қарсы станциясы басшысының міндетін уақытша атқарушы Әбілдаев Қазыбек Бегісбекұлы және Шымкент қаласының ДСБ штаттан тыс инфекционисті Ағабаев Мұрат Әлмағанбетұлы өңірдегі жағдайды баяндады.

Спикерлердің айтуынша, оңтүстік өңірінде жеміс-жидектердің ерте пісуіне байланысты және өңірлерде су тасқыны салдарынан ашық су көздері (өзен, көл және т.б.) ластануына орай өткір ішек жұқпалы аурулары, тырысқақ, паразитарлы аурулардың өршу қаупі туындауынан эпидемиологиялық ахуал тұрақсыздануы мүмкін.

Бүгінде Шымкент қаласында күнделікті тұрғындар арасында жіті ішек инфекциясы, паразитарлы аурулардың тіркелуі жалғасуда.
2024 жылдың соңғы 4 айындағы статистикалық мәліметке сүйенсек, тұрғындар арасында 174 жағдай жіті ішек инфекциясы (әрі қарай – ЖІИ) тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 3,9%-ға өскен.
Ауырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар да бар. Бүгінде 130 жағдай тіркелген.
Жіті ішек инфекциясы (ЖІИ) – ас қорыту жолдарын зақымдайтын инфекциялық аурулар тобына жатады. Қоздырғыштар сыртқы ортаға өте төзімді және ұзақ уақыт топырақта, суда, сондай-ақ қасық, тәрелке, есіктің тұтқасы, ойыншық және т.б. заттарда сақталуы мүмкін. Микробтар суда, сүтте, сүт өнімдерінде, салаттарда және басқа да тез бұзылатын азық-түліктерде көбейеді. Қоздырғыштар адам ағзасына лас қол, лас су және микроб түскен азық-түлік, жуылмаған немесе таза жуылмаған жеміс-жидектер, науқас пайдаланған заттар арқылы (ыдыс, киім-кешек, төсек-орын, жеке басының құралдары) жиі жұғады.

Құрамында қоздырғышы бар қайнатылмаған суды, сақталуы бұзылған дайын тағамдарды пайдалану арқылы жұғады. Мәселен сүт және сүт тағамдары, салаттар, ет өнімдерінен дайындалған тағамдардан, паштет, тоңба (холодец) жаппай тұтынған жағдайда ЖІИ орын алуы мүмкін. ЖІИ ауырған науқасты күту кезінде және ластанған сумен қол жуғанда, жеке басының тазалығын сақтамағанда қоздырғыштың жұғу қауіпі жоғары.

Көбінесе ЖІИ таралуы тағаммен байланысты болып келеді. ЖІИ таралуы тек жаз мезгілінде ғана емес, күз мезгілдерінде де жиі кездеседі. Себебі осы уақыттарда адамдар жеміс-жидектерді көп тұтынады. Сонымен қатар, аурулардың тарауына шыбын-шіркейлер де үлкен әсерін тигізеді, олар дизентерия, сүзек, қылау қоздырғыштарын тасымалдайтын жәндіктер тобына жатады. ЖІИ жұқпалы ауруының жасырын мерзімі қысқа болып келеді. Мәселен 6-48 сағаттан бастап 7 күнге дейін.
ЖІТІ ІШЕК ИНФЕКЦИЯСЫ (ЖІИ) КЛИНИКАЛЫҚ БЕЛГІЛЕРІ:
• Іштің ауыруы;
• Құсу, іш өту;
• Дене қызуының көтерілуі;
• Әлсіздік, тәбеттің төмендеуі.

Ауру асқынып, құсқанда және іш өткенде адам сұйықтықты жоғалтады, соның нәтижесінде ағзадағы су алмасу процесі бұзылып, жүректің, тамырлардың, бүйректің және басқа ағзалардың қызметінің бұзылуына әкеп соғады. Әсіресе, ағзаның сусыздануы балалар мен қарияларға өте ауыр өтіп, асқыну жағдайы көбірек орын алуы мүмкін.


Бөлісу