Қалаішілік жолдарды дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылған.
Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Бекмағамбетұлы 2025 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен 2026 жылға арналған жоспарларын таныстырды.
Басқарма басшысы Ролан Бекмағамбетұлының мәліметінше, қаладағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Қонаев даңғылының жалғасы құрылысы қарқынды жүзеге асуда. Жалпы ұзындығы 16,3 шақырымды құрайтын нысанның 1, 3, 4-кезеңдері бұған дейін пайдалануға берілсе, 2025 жылы 2-кезеңі толық аяқталды. Қазіргі таңда 5-кезеңнің құрылысы жалғасып жатыр. Жобаны толық аяқтау 2026 жылға жоспарланған. Сонымен қатар, ұзындығы 31 шақырым болатын А-2 автомобиль жолын қайта құру жобасы да кезең-кезеңімен іске асырылуда. Бүгінде 1–4 кезеңдер пайдалануға беріліп, 6 және 8 кезеңдер аяқталған, ал 5 және 7 кезеңдердің құрылысы жүргізілуде.
Қалаішілік жолдарды дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, Жандосов көшесінің жалғасы, Асар–Шымсити шағын аудандарын байланыстыратын жол және Қызылсай шағын ауданына кіреберіс жолдар пайдалануға берілді. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 17,1 шақырымды құрайтын 6 көше мен 1 көпірге күрделі жөндеу жүргізіліп, оның ішінде 4 көше мен Қойкелді батыр көшесіндегі көпір ел игілігіне тапсырылды.


