Жүсіпбек Аймауытұлының атын беру университет жанындағы ғылыми кеңес мәжілісінде кеңінен талқыланды.
Шымкент қаласында Жүсіптек Аймауытұлы атымен аталатын жаңа оқу орны ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Оқу орны Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанынан құрылды. Колледждің ашылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысты. Жүсіпбек Аймауытұлының атын беру униерситет жанындағы ғылыми кеңес мәжілісінде кеңінен талқыланды. Шешім қолдау тауып, арнайы орта білім беретін оқу орны қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист есімімен аталды.
Кәсіптік білім беру мекемесінің салтанатты жиынын университет Басқарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Сүгірбаева құттықтау сөзбен ашты. Шараға сондай-ақ, Шымкент қаласы білім беру басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысып, Жүсіпбек Аймауытұлына арнап орнатылған бюстке құрмет гүлі қойылды.
Салтанатты шарада университеттің «Өнер және білім» факультетінің өнерпаздары Жүсіпбек Аймауытұлының «Алаш ұраны», «Алаш маршы» әндерін музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен орындап, қайта жаңғыртты. Қонақтар бұдан кейін колледж ғимаратымен танысып, оқу-өндірістік шеберхана мен спорт алаңын аралап көрді.
Айта кетелік, 87 жыл тарихы бар Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ жыл сайын мыңдаған педагогтарды еңбек нарығына даярлап, түлетіп отыр. Жаңа колледжді ашу мақсаты кәсіби білікті, бәсекеге қабілетті маман даярлау. Бастапқыда педагогиканың үш бағыты бойынша, яғни, «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі», «Музыкалық білім беру», «Көркем еңбек» мамандықтары бойынша білім беру бағыты жүзеге асырылмақ.
Мұнда 58 оқытушы жастарға білім береді. Оның 1-уі ғылым докторы, 17-сі ғылым кандидаты, 3-уі PhD, 29-ы магистр, 3 –уі аға оқытушы. Материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жасақталған ғимаратта 175 кабинет, 13 зертхана, 2 шеберхана жұмыс істейді.