Екі күнге жалғасатын жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 400-ге жуық спортшыдан құралған 23 команда қатысуда.
Шымкент қаласында халықаралық балаларды қорғау күніне орай, “Денсаулық” спорт кешенінде жүзу маусымы мен жүзуден жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов балғындардың қуанышына ортақтасып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараның ашылу салтанатына қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Екі күнге жалғасатын жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 400-ге жуық спортшыдан құралған 23 команда қатысуда. Республикалық дода жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибесін арттырады.
Айта кетейік, Шымкентте жас өрендер мен балғындарға мерекелік көңіл күй сыйлау үшін бірқатар салтанатты шаралар шеруі өтуде.«1 маусым – Халықаралық балалар күні» мерекесі Достық үйінде қосымша білім беру ұйымдарындағы өнертапқыш оқушылардың көрмесімен басталды. Жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, балаларды айтулы мерекемен құттықтап, талантты да дарынды шәкірттердің жетістіктері үшін алғыс білдірді.
Көрмеге қала аумағындағы 19 қосымша білім беру мекемесі қатысып, өз жетістіктерін көрсетті. Мемлекеттің қолдауымен балаларға тегін қосымша білім беріп отырған ұйымдар жас буынның әсіресе, робототехникаға деген қызығушылығын арттырып отырғаны байқалды. Шымкент шәкірттерінің жетістіктерін паш еткен көрме үздіктер мен белсенді оқушылардың концерттік бағдарламасына ұласты.