Оның 1 865-і күндізгі уақытта, ал қалған қылмыстар кешкі және түнгі уақыттарда болғаны анықталды.
Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Ержан Марат пен Полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Ергешевтің қатысуымен қала аумағындағы алаяқтық және оның алдын алу шаралары бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде брифинг өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Баспасөз мәжілісінде Ержан Маратұлы осы жылдың 8 айында қалада болған алаяқтық қылмыстарды мәлімдеді.
– Жыл басынан бері 2 600-ден астам алаяқтық қылмыс тіркелді. Оның 1 865-і күндізгі уақытта, ал қалған қылмыстар кешкі және түнгі уақыттарда болғаны анықталды. Бұл ретте алаяқтардың құрбандары болатын азаматтардың көпшілігі – 18 бен 30 жас аралығындағы жұмыссыз жастар, – деді Е.Марат.
Спикердің сөзінше, үшінші мегаполистегі қылмыстардың көпшілігі базарлар («Алаш», «Самал», «Көктем», көлік сатуға арналған базарларда), әлеуметтік желілер (Инстаграм, ВКонтакте, Колеса, ОЛХ, Крыша) және интернет банкингтерде (Каспий, Еуразия, Халық), сондай-ақ, үй алуға жеңіл қарауы салдарынан болатыны анықталған.
Брифинг соңында департамент өкілі Серік Жүрсінбайұлы қала тұрғындарын алаяқтардан сақ болуға шақырды.
– Қазіргі таңда өзекті мәселенің бірі – қаржылық пирамидалар. Яғни, алаяқтар интернет желісі немесе жәбірленушілермен сұқбат жүргізу арқылы сенімдеріне кіреді. Бұл ретте олар азаматтарды үгіттеп, ақшаларын құюға итермелеу арқылы пайда табады. Бүгінге дейін департаменттің өндірісінде қаржылық пирамидаларды құру бойынша 8 іс тіркелді. Құрметті қала тұрғындары, алаяқтықтың арбауынан аулақ жүруді және қаржылық пирамидалардан сақ болуды ескертемін! – деді С.Ергешев.
Айта кетейік, көрсетілген қылмыстар бойынша жәбірленушінің көпшілігі тығырыққа тірелгендер болса, екінші жағдайда оңай жолмен мәселелерін шешу жолдарын іздейтіндер, үшінші жағдайда сауаттылықтың төмендігі, яғни, заң талаптарын білмеудің салдары болып отыр.