Анықталған қылмыстардың басым бөлігі құқық қорғау органдарында орын алған.
Жыл басынан бері Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен 53 қылмыс анықталған. Олардың 25-і парақорлық болса, жымқыру мен алаяқтықтық 9 фактісі тіркелген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бірінші орынбасары Т. Серікбаев брифинг барысында мәлімдеді.
«Өздеріңіз білетіндей, біздің қызметімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басты басымдықтардың бірі болып табылады. Сондай-ақ, алдын алу шараларымен қатар қылмыстық-құқықтық шараларды да белсенді қолданудамыз» - деді Департамент басшысының бірінші орынбасары.
Анықталған қылмыстардың басым бөлігі құқық қорғау органдарында - 19, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласында -12, сонымен қатар, кедендік бақылау және құрылыс салаларда екеуден, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік салаларында 1 қылмыстан тіркелген.
«Жыл басынан 35 қылмыстық іс сотқа жолданды. Сотталғандар қатарында мемлекеттік органдардың жекелеген құрылымдық бөлімшелерінің басшылары да, мамандары да бар» - деп атап өтті спикер.
Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқармасы басшының орынбасары Үмбет мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ол оқыту іс-шарасын (бизнес-семинарды) өткізу үшін 300 мың теңге тұратын тұрмыстық техниканы сыйақы ретінде заңсыз алған.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы Әл-Фараби ауданының кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қанлыбаев сотталды.
Ол сауданы кедергісіз жүзеге асыру және жалпы қамқорлық көрсету сылтауымен (10 мыңнан 65 мың теңгеге дейін) кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алған.
Жалпы алғанда, көрсетілген кезеңде күдіктілер ретінде 18 адам әшкереленіп, оның ішінде 14-і сотқа жолданды, қазіргі уақытта 6 адамға қатысты сот үкімдері шықты.