Аталған қызметшінің іс-әрекеті қоғам тарапынан жағымсыз қоғамдық резонанс пен сынға алып келді.
Шымкент қаласының Енбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасарына «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Шымкент қаласының Енбекші ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Данияр Маратұлы Елқондының гүл сату дүкенінде орын алған оқиға барысындағы мінез-құлқына қатысты жарияланымдар анықталды.
Бұл туралы аталған департаменттің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Аталған қызметшінің іс-әрекеті қоғам тарапынан жағымсыз қоғамдық резонанс пен сынға алып келді.
Аталған деректі, сондай-ақ жарияланымдарда баяндалған мән-жайларды зерделеу нәтижелері бойынша биылғы жылдың 14 тамызында Департаментпен мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының 34-тармағына сәйкес Д.Елқондыға Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жаза қолдану үшін материалдар Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысына жолданды.
Нәтижесінде Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының 2023 жылғы 14 тамыздағы бұйрығымен Д.Елқондыға «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.
Әдеп кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметшілер азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік,
қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмауы қажет екендігін хабарлайды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті.