Аталған елді мекендегі энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан ауыз суды қосу жұмыстары басты назарда.
ERNUR.KZ. Бүгін Шымкент қаласындағы Тұран ауданының әкімі Берік Айдарұлының төрағалығымен Құрсай елді мекені тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуге Тұран ауданының прокуроры Ж.Әділбайұлы, Тұран ауданының Полиция басқармасының басшысы Н.Тілеуов, сондай-ақ, энергетика және инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру, ауыл шаруашылығы және ветеренария, Тұран ауданы Төтенше жағдайлары басқармасы және өзге де басқарма өкілдері қатысты.
Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан ауыз суды қосу жұмыстары бақылауға алынған. Мамыр айының соңына дейін ауыз су мәселесі шешімін табатын болады.
Сонымен қатар, елді мекен тұрғындары тарапынан айтылған ұсыныстар мен арыз-шағымдар талқыланып, жауапты басқарма өкілдерімен бірлесе түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, биыл Құрсай елді мекенінде Ұзынағаш, Алтынғасыр, Жарқайың, Таңатар, Қосқорған, Күмісті көл, Киіктау, Жылы сай көшесінен Бекболатов көшесімен жалғасы, Ақбата өткелі, Сарыбел көшесі №1,2,3,4, Зайсан көшесінің жалғасы асфальтталатын болады.
Сонымен қатар, барлығы 16 көшеге ирригация жүйесі орнатылады. Олар: Ащысай, Күмістікөл, Сатқанбайұлы, Мамешов, Қосарал, Қайнарлы, Қостерек, Егіндікөл, Алтынасар, Алтынды, Таңатар, Ұзынағаш, Жылысай, Сарытау, Ақтекше, Ақойман көшелері.
Шымкент қаласы Тұран ауданына қарасты Құрсай елді мекенінде бүгінде 20 мыңға жуық халық бар. Аталған елді мекенді сапалы инфрақұрылыммен қамту - басты міндеттердің бірі.