Шымкенттік 13 жасар мобилограф алғашқы 500 мың теңге табыс тауып үлгерді

0
3 586

"990 теңгелік онлайн курс сатып алдым" дейді ол.


Шымкенттік 13 жасар мобилограф алғашқы 500 мың теңге табыс тауып үлгерді

ХХІ ғасыр – техниканың озық дамыған ғасыры. Заман дамыған сайын түрлі мамандықтар қатары да күн санап көбейіп жатыр. Әлемде сіз бен біз естімеген қаншама жаңа мамандық пен кәсіп түрі бар.

Жаңа заманның жастарға да берері мол. Қазіргі кезде еңбек етемін, кәсіп ашамын дегендерге еш кедергі жоқ. Мектеп бітірмей жатып миллионер атанып, жоғары оқу орнын бітірмей-ақ кәсіпкер боп жүрген жастарды көз көріп, құлақ естіп жүр.

«Жас келсе, іске» демекші бүгінгі біздің кейіпкеріміз телефон арқылы табыс тауып жүрген 13 жасар шымкенттік мобилограф Қазыбеков Еркебұлан.

(фотолар: кейіпкердің жеке мұрағатынан)


Еркебұлан Шымкент қаласының тұрғыны. №130 жалпы білім беретін мектебінің 8-сынып оқушысы. Ол тапсырыс берушілерге түрлі жарнамалық фото-видеолар түсіру арқылы табыс табады.


Мобилография - видео түсіру саласының бір бөлшегі. Яғни сапалы фотосуреттер мен видеоларды арнайы аппараттың көмегінсіз-ақ, ұялы телефонға түсіру арқылы сапалы бейне жасау.


Оның бұл салада жүргеніне 1,5 жарым жылға жуық уақыт болыпты. Табыс көзі де жаман емес көрінеді. Видео түсіру арқылы алғашқы 500 мың теңге тапқанын да жасырмады.



Қазіргі кезде Шымқаладағы сұранысқа ие мобилографтардың бірі десек артық айтпаған болар едік.

Еркебұланның бұл салаға келуіне әкесі себепші болыпты. Әкесі ұлына осы кәсіппен айналысып көруді ұсынған.

«Ата-анам мені үнемі қолдайды. Осы салаға келгеніме бірден-бір себепші сол кісілер», - деді жас мобилограф.

«Басында 990 теңгелік онлайн курс сатып алып, соған қатыстым. Сосын осы салаға деген қызығушылығым арта түсті. Осылайша Қыран Талапбек, Асхат Шынәли және Есімхан Абдығаппардың әртүрлі курстарын сатып алып оқи бердім. Үйреніп жүрген кезімде алғашқы тапсырысымды алдым. Ең алғашқы табысым - 1500 теңге болды», - деді ол.


Жас та іскер маманның мобилографияға келуінің алғашқы қадамдары осылай басталыпты. Қазіргі таңда оның тұрақты екі жобасы бар. Одан бөлек, қосымша тапсырыстарға фото-видео түсірумен айналысады.


Еркебұлан жұмысының сабағына кедергі келтірмейтінін айтты. Сабақ үлгерімі де жаман емес. Барынша барлығына үлгеруге тырысады. Бастысы жұмысы өзіне қатты ұнайды.


Айта кетейік, Еркебұлан өткен жылы «Shymkent Mobilography Fest» республикалық фестиваліне қатысқан болатын. Сол байқауда оның түсірген видеосы 1000 қатысушының ішінен TOP-20-лыққа ілінген.



«Алғашқы видеоларымды өзімнің Samsung ұялы телефоныма түсіріп жүрдім. Бастапқыда өзімде болмағандықтан, айфон ұстайтын досыма ұсыныс тастадым. Видеоларымды сенің айфоныңа түсірейін, мен саған үлесіңді беремін дедім. Осылайша бірге әртүрлі видеолар түсіріп, табыс тауып жүрдік. Кейіннен тапсырыстардан түскен ақшаны жинап, өзіме су жаңа айфон мен дрон сатып алдым», - деqді ол.

Алдағы уақытта өзінің достарымен бірге видео түсіру курсын сату жоспарында бар екен.

Жас болса да табыстың көзін тапқан Еркебұланның (@kazybek erkebulan) болашаққа деген жоспарлары өте көп. Өз саласында үздіктер қатарынан табылып, өзіндік жеке қолтаңбасы бар мобилограф болғысы келеді.

Ұлбосын Әбілсейітқызы,

ERNUR.KZ