Бұл – отандық спорт үшін ғана емес, Шымкент қаласының спорт тарихындағы айтулы жетістіктердің бірі.
23-24 мамыр күндері Гонконг қаласында батуттық гимнастикадан Азия чемпионаты құрлықтағы ең беделді жарыстардың бірі – 7th Trampoline Asian Championships өтті.
AsiaWorld-Expo аренасында ұйымдастырылған чемпионатқа Қазақстан, Қытай, Жапония және Азияның басқа да елдерінен жиналған ең үздік спортшылар қатысып, батутта жеке секіру мен синхронды секіру бағдарламалары бойынша бақ сынады.
Осынау тартысты бәсекеде шымкенттік спортшы Тұрсын Еңлік жоғары шеберлік пен мықты дайындық көрсетіп, батутта жеке секіруден және синхронды секіруден қола жүлдеге ие болды.
Азия аренасында ел намысын абыроймен қорғаған жас спортшыны бүгін туған-туыстары, бапкерлері, спорт жанашырлары мен қала тұрғындары ерекше ықыласпен қарсы алды. Теміржол вокзалында саңлаққа гүл шоқтары ұсынылып, ыстық лебіздер айтылды.
Бұл – отандық спорт үшін ғана емес, Шымкент қаласының спорт тарихындағы айтулы жетістіктердің бірі.


