Шымкент қаласында 2025 жылы комиссия шешімімен 431 азаматқа 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. Ал биыл 400 үміткерге мемлекеттік грант беру жоспарланған.
Шымкент қаласының тұрғыны, көп балалы ана Күмісай Кайыпова 2025 жылдың тамыз айына дейін отбасының жан басына шаққандағы табысы кедейшілік шегінен төмен болғандықтан атаулы әлеуметтік көмек алып келген. Өткен жылдың үшінші легінде ол мемлекеттік қолдаудың тиімді тетігі саналатын 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз грантқа өтінім беріп, комиссия алдында өз жобасын сәтті қорғап шықты.
Комиссия жобаның өміршеңдігін, үміткердің осы саладағы тәжірибесін және кәсіптің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін ескере отырып, грант тағайындау туралы оң шешім қабылдады.
Грант қаржысына Күмісай Серікқызы нан пісіретін өндірістік пеш, қамыр илейтін құрылғы, арнайы жұмыс үстелдері және басқа да қажет құрал-жабдықтар сатып алып, отбасылық кәсібін жаңа деңгейге көтерді.
Бұған дейін тұрмыстық пештің көмегімен күніне 30-40 таба нан пісіріп, оны көршілері мен жақын маңдағы дүкендерге өткізетін кәсіпкер бүгінде заманауи жабдықтардың көмегімен тәулігіне 80-150-ге дейін нан пісіреді. Сонымен қатар, бір тұрақты жұмыс орнын құрған.
Қазіргі таңда Күмісайдың отбасылық наубайханасы тұрақты тұтынушыларын қалыптастырып, жергілікті нарықта өз орнын тапқан табысты кәсіптің біріне айналды. Бұл – мемлекеттік гранттың тиімді пайдаланылып, әлеуметтік қолдаудың нақты нәтижеге жеткізгенінің жарқын көрінісі.
Айта кету керек, Шымкент қаласында 2025 жылы комиссия шешімімен 431 азаматқа 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. Ал биыл 400 үміткерге мемлекеттік грант беру жоспарланған.
Қазіргі таңда грант алуға өтінімдер 2026 жылдың 24 маусымы мен 8 шілдесі аралығында business.enbek.kz порталында қабылдануда.
Грантқа көп балалы отбасылардың мүшелері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылар және мүгедектігі бар азаматтар (еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ жағдайда) үміткер бола алады.


