​ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫЛАР ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕЛІ III ОРЫНҒА ИЕ БОЛДЫ

0
100

Бұл байқаудың маңызы мен ауқымы өте жоғары. Биылғы додаға еліміздің 20 аймағынан іріктелген, білім мен ой ұшқырлығы жарысқан 110 команда қатысты.


​ШЫМКЕНТТІК ОҚУШЫЛАР ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУДА ЖҮЛДЕЛІ III ОРЫНҒА ИЕ БОЛДЫ

Шымкент қаласының білім беру саласында тағы бір айтулы жетістік тіркелді. Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының қолдауымен және «Özger team» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен ауқымды шарада қаламыздың жас шешендері жоғары дайындықтарын көрсетті.

Еліміздің барлық білім беру ұйымдарының (мектептер, жоғары оқу орындары мен колледждер) пікірсайыс клубтары арасында ұйымдастырылған «Tazalyq-sanadan» ұлттық байқауы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздарды анықтады.

Бұл байқаудың маңызы мен ауқымы өте жоғары. Биылғы додаға еліміздің 20 аймағынан іріктелген, білім мен ой ұшқырлығы жарысқан 110 команда қатысты. Мұндай бәсекелестік жоғары ортада Шымкент қаласындағы №1 «Талант» мамандандырылған мектебінің оқушылары нағыз топжарған шешендік өнерлерімен ерекшеленді. Олар логикалық ойлау, талдау және аргумент келтіру шеберлігінің арқасында жүзден жүйрік шығып, құрметті III орынды иеленді. Бұл жеңіс мектептің ғана емес, бүкіл қаланың білім сапасы мен тәрбие жұмысының нәтижесі деп білеміз.

Марапаттау рәсімі ерекше салтанатты жағдайда өтті. Жеңімпаздарды ұлықтау сәті 12 желтоқсан — Пікірсайысшылар күніне орайластырылған «Мектеп пікірсайыс клубтарының II Құрылтайы» аясында ұйымдастырылды. Құрылтай барысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген пікірсайыс саласының мамандары мен жас белсенділері бас қосып, пікірсайыс қозғалысын дамытудың жаңа бағыттарын талқылады. Салтанатты шарада №1 «Талант» мектебінің оқушыларына арнайы кубоктар, дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

«Tazalyq-sanadan» байқауының басты идеясы — жастардың бойында тек шешендік өнерді ғана емес, сонымен бірге экологиялық мәдениетті, тазалықты және сананың ашықтығын қалыптастыру. Пікірсайыс тақырыптарының дені қоғамдық сананы жаңғыртуға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталғандықтан, қатысушылар тек жарысып қана қоймай, маңызды әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға өз үлестерін қосты.

Шымкенттік оқушылардың республикалық деңгейде мұндай биік белесті бағындыруы — қаладағы пікірсайыс қозғалысының дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді. Бұл жетістік басқа да білім алушыларға мотивация беріп, оларды интеллектуалдық дамуға және қоғамдық белсенділікке ынталандыратыны сөзсіз.

Бөлісу