Шымкенттік судьялар сайысқа түсті

0
2 270


Шымкенттік судьялар сайысқа түсті

Шымкент қалалық сотында судьялар мен сот қызметкерлерінің арасында «Білгір» тарихи-танымдық зияткерлік байқауы өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Соттар арасындағы бұл жарыс Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын қолдау, ұлттық мәдениетті және рухани құндылықтарымызды насихаттау, жас судьялар мен қызметкерлердің шығармашылық бастамасын қолдау мақсатында ұйымдастырылған.

Байқау «Туған өлкем – тарихым», «Билердің сөзі – ақылдың көзі» және «Рухани жаңғыру» атты үш кезең бойынша өтті. Қатысушылар өзінің туған жерінің тарихы туралы айтып, Асан қайғы, Қазтуған жырау, Майқы, Төле, Әйтеке, Қазыбек билердіңұлы Абайдың нақыл сөздерін ортаға салды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бойынша сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, байқауға қатысушы судьялар мен басқа да қатысушылар көрермендердің назарына өздері әзірлеген слайдтар, роликтер, рефераттар мен сахналанған көріністерді ұсынды.

Байқауға қатысушылардың білімі мен біліктілігін арнайы қазылар сарапқа салды. Қазылар құрамында Шымкент қалалық сотының Азаматтық істер бойынгша сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Мұхтар Пәрменов, Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының төрағасы, судьялар Одағының облыстық филиалының кеңес мүшесі Ермахан Рахманберді, жазушы, тарихшы, өлкетанушы Момбек Әбдәкімұлы, Шымкент қалалық Тілдерді оқыту орталығының директоры Нұрила Серікбайқызы Жұманова, ОҚО Мемлекеттік архивінің бөлім басшысы Меруерт Лесбекқызы Шымырбек болды.

Білім мен біліктілік, таным мен талғам таласқа түскен тартысты сайыста Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының бас маманы Жанәділ Үсенов, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маманы Елемес Мұхаметжан және Шымкент қалалық сотының бас маманы Әділхан Исалиев үздік деп танылды. Тараз қаласында өтетін республикалық байқауда Шымкент қаласының атынан Ж.Үсенов жарысқа түсетін болды.