Шымкенттік үй иесі бала күтушісінің атынан заңсыз несие алған

0
504

Үй иесі заңсыз әрекетке қарыздарынан құтылу үшін барғанын айтқан.


Шымкенттік үй иесі бала күтушісінің атынан заңсыз несие алған

Шымкент қаласында үй иесі бала күтушісінің атынан несие рәсімдеген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Ведомство мәліметінше, полиция басқармасына Түркістан облысының 57 жастағы тұрғыны арызданған.
"Ол арызында, 2022 жылдың шілде айында Шымкент қаласы аумағындағы ауқатты отбасылардың бірінде өзінің бала күтушісі болып қызмет еткенін, сол кезде аталған жанұяның мүшесі жасырын түрде ұялы телефонын алып, ондағы банк қосымшасы арқылы 1 000 000 теңге көлемінде заңсыз несие рәсімдегені туралы жазып көрсеткен. Яғни, арызданушы телефонына банк атынан берешегін сұрап хабарлама келгенде ғана, өз атынан өзге біреудің несие алғанын біліп, жедел түрде полицияға жүгінген", - делінген жазбада.
Күдікті бір тәулік ішінде қала аумағынан қолға түскен. Ол Шымкент қаласының 26 жастағы тұрғыны болып шықты.
Тергеу барысында белгілі болғанындай, ұсталған азаматша айласын өз үйінде асырған. Бала күтушісінің аңғалдығын пайдаланғанын мойындап, заңсыз әрекетке қарыздарынан құтылу үшін барғанын және бұл үшін өкінетінін жеткізді.
Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жалғасуда.